Аймақтар • 17 Қаңтар, 2020

Көкшетауда облыстық аурухананың жаңа корпусы салынады

289 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Көкшетауда көпсалалы облыстық аурухананың тағы бір корпусы салынатын болды.

Көкшетауда облыстық аурухананың жаңа корпусы салынады

Облыстық аурухананың директоры Нұрлан Жаровтың айтуынша, облыстық көпбейінді аурухананың жаңа ғимараты 625 орынға лайықталмақ. Одан бөлек, 130 орындық күндізгі стационар да салынады. Жаңа корпуста 28 клиникалық және 20 параклиникалық бөлімше жұмыс істейді. Қажетті клиникалық-диагностикалық қондырғылар орнатылады. Ал дәрігерлерге күндізгі стационарда қажетті консультациялық-диагностикалық қызметтер көрсетуге бар мүмкіндік жасалатын болады.

– Жаңа корпустың жобасы дайын. Жер телімі 16 гектарды құрайды. Бұл аурухана жеке кәсіпкерлер есебінен салынады, – дейді көпсалалы облыстық аурухананың директоры Нұрлан Жаров.

Жаңа медициналық нысан «Сарыарқа» шағын ауданында орналаспақ. Жергілікті халық бұл хабарды қуана қабылдады.

– Қазіргі таңда №1 қалалық емханаға қараймыз. Әрине, өте жақсы жаңалық. Жаңа құрылысты үйлердің қасында аурухана ауадай қажет, – дейді Көкшетау қаласының тұрғыны, зейнеткер Күлпәш Бектұрова.

 

КӨКШЕТАУ